Бұрынғы жұбайым/жігітім алимент төлемей жүр. Не істейін?

Алимент деген не, оны кім төлейді және төлемесе, кімнен көмек сұрау керек


16/09/2021
14:34 4147 0

Қыз-келіншектерге құқық қорғауды үйрететін «Батыр Жамал» алимент деген не, оны кім төлейтінін, төлемесе не істеу керегін айтып берді.

 

Алимент деген не?

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексте алимент деген — бір адам алимент алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық көмек. Алимент баланы күтіп-бағуға, балалардың анасына және өзін-өзі асырай алмайтын ерлі-зайыптыларға төленуі мүмкін.

Заң бойынша ата-ана баланы үйленсе де, үйленбесе де, ажырасқан болса да асырауға міндетті. Қамқорлықта, патронатта жүрген және асырап алынған балалар да алимент алуға құқылы. 

Әділет министрі Марат Бекетаевтың дерегіне сенсек, 2019 жылдың бірінші жартысында сот орындаушылары алимент өндіріп алуға қатысты 192 мың, ал 2020 жылда 210 мың жағдай тіркеген.

Біз адвокат Назерке Ризабековадан алимент төленбеген жағдайда не істеу керегін сұрадық. 

 


 

Назерке сотқа жүгінген жөн дейді.

Азаматтық іс жүргізу кодексіне сай талап қою арқылы алимент өндіріп алуға болады. Бұл істі шешудің оңай жолы болып көрінуі мүмкін, себебі:

— тараптар сотқа шақырылмайды;

— шешім сотқа арыз түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде шығады.

Адвокат бұл әдістің кемшіліктері де бар дейді.

Мәселен, сот бұйрығының күшін жою оңай. Мысал келтірейік:

Әсел Қайраттан (Қайрат Әселден) алимент өндіріп алу туралы сот бұйрығын алады. Әсел оны жеке сот орындаушысына (ЖСО) береді. Қайрат алиментті төлемей, біраз қарызы жинақталады. ЖСО Қайраттың мүлкіне тыйым салады, яғни сот рұқсат бермейінше, Қайрат бұл мүлкін сата алмайды. Қайрат алимент төлеп жатқанын немесе ол бала өзінікі емес екенін айтып, сот шешімін жоя алады. Содан кейін ол мүлкін қайтарып алып, сатады. 

Егер ЖСО-да атқарушылық өндіріс болса, бірақ ата-ананың біреуі алимент төлемесе, онда оның:

— жүргізу куәлігінің күшін тоқтата тұруға;

— Қазақстаннан шығуын шектеуге;

— мүлігін сатуға болады.

Адвокат бұлай істейтін болсаңыз, борышкер кейін проблема болмасын деп алиментін уақытында төлеуге ынталанады дейді. 

Алимент көлемін арттыруға да болады. 

  1. Борышкердің табысы артса;
  2. Мысалы, ол төрт балаға алимент төлесе, сол балалардың біреуі кәмелетке толса, қалған үш балаға төленетін алиментті ұлғайтуға болады.

«Жалпы, борышкеріңізбен алимент мөлшерін келісіп ала аласыз. Ол сот шешімдегісінен аз болуы да мүмкін. Алайда ата-ана мұны не үшін істеп отырғанын түсінуіңіз керек. Мысалы, ата-ананың біреуі отбасына үйін қалдыратын жағдайлар кездеседі. Осыны ескере отырып ата-аналар алимент мөлшерін азайтамыз деп мәмілеге келеді», — дейді Назерке.

ЖСО алиментін төлемей жүргенді әкімшілік жауапқа тарту керек деп Әділет департаментіне ұсыныс білдірсе, борышкер жауапқа тартылады. 

Ал ата-ана үш айдан астам алимент төлемей жүрсе, қылмыстық жауапқа тартылады. ЖСО полицияға борышкерді ҚК-нің 139-бабы («Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару») бойынша жазалау керек деп ұсынады. 

Назерке Ризабекова алимент төлеуден бас тартқанды ата-ана құқығынан айыруға болады дейді. 

Батыл болыңыз: алимент төлеуді талап етіңіз, балаңыз екеуіңіз бұған құқылысыз. Баласын асырап, бағу — әкесінің де, шешесінің де міндеті.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

16/09/2021 14:34
4147 0

Уведомление